Ердің бейнесі – байдалы шаш
Ерлерге байдалы шаш қою – оның титулдық дәрежесін білдіреді. Байдалы ұл баланың төбесіне 12 жастан бастап қойылады. Кейде одан да ерте болуы мүмкін, бұл бала айдар шашының қиылу уақытына байланысты.
Жаугершілік заманда батырлар көбіне жекпе-жекте жау басының орнына төбесіндегі байдалы шашын кесіп алатын оқиғалар орын алған. Бұл үстем түскен жақтың жеңісінің дәлелі болып саналса, ал жеңілгендердің масқарасы болып саналған. Байдалысыз соғыс алаңынан қайтқан батырды көрген ел, қатты шошып, тездетіп кері қайтатын болған.
Байдалысыз қайтқан ерге «байдалың қайда?», – деген сауал тасталады. Осыған орай «Байдалы түгіл бас қайғы»,– деген жауап қатқан. Бұл батырдың өзі өлім аузынан әрең қалды дегенді білдірген. Бұл сөз бүгінде байдалы ұғымының жоғалуына байланысты біраз бұрмаланып, «Байтал түгіл бас қайғы» деп айтылып жүр. Осы ұғымды тереңінен түсіндірген филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов:
«Қандай да бір түсінік, яғни ұғым жоғалған кезде, соған байланысты пайда болған мақал да түсініксіз болып қалады. Байдалыға байланысты дәл сондай тілдік өзгерту орын алған. Байдалы сөзі – байталға ауысып кеткен», – дейді. Мақал байдалысынан айырылған батырдың сөзінен шыққан.
Жалпы қазақта байдалы шашты хан тағының мұрагерлері және батырлар қойған болса, бұл қытай, корей, жапон халықтарына да тән үлгі. Ал ежелгі Мысыр, Вавилон, Византия мемлекеттерінде тек таққа үміткерлердің төбесіне байдалы өсіру дәстүрі қалыптасқан.
Бүгінде байдалы қоятын қазақ ер жігіті өте аз. Ал дәстүрлік сәнге әуестеніп жүрген шығармашылық өнер адамдары айдар қойып алуды шығарған. Ескере кетейік, қазақ ұлтында 12 жастан асқан ер бала еш уақытта айдар қоймаған. Бұл үлкен қателік болып саналады.